Еңбек даулары кəсіподақ жоқ жерлерде тіркеліп жатыр. Бұл туралы ҚР Кəсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дəулеталин мəлім етті.
«Еңбекақы мəселесі өзекті екені белгілі. Осы жылдың басынан 30-ға жуық еңбек дауы болды. Негізінен, еңбек даулары кəсіподақ жоқ жерлерде тіркеліп жатыр. Бірақ олардың негізгі сарыны еңбек-ақыны көбейтуге қатысты.
Сондықтан Кəсіподақтар федерациясы төменгі жалақы мөлшерін орташа жалақының 50 пайызына дейін жеткізу мəселесін алға қойып отырмыз», – деді С. Дəулеталин ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысының алдында тілшілердің сауалына жауап бере отырып. Осы орайда ол тиісті жұмыс тобын құрып, оның аясында жүйелі түрде еңбекақыны көтеру жəне ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру мəселесі ескерілетінін айтты. «Тағы бір атап өтер жайт – ол жыл сайын еңбекақыны міндетті түрде индексациялау. Атап айтқанда, жалпы еңбекақы мəселесінде жүйелі түрде оның əдістемесін қарастыру жəне басқа да қадамдарды мемлекеттік органдармен, жұмыс берушілермен бірлесе отырып шешеміз деп ойлаймын», – деді Кəсіподақтар федерациясының төрағасы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысы өтті. ҚР Кəсіподақтар федерациясы тарапынан еңбек сотын құруды ұсынылды.
inform.kz