Жоғарғы Соттың Коммуникация орталығы медиаторлардың бастамасымен сарапшылық кездесу ұйымдастырды. Іс-шара «Медиация: сотқа дейін жəне сотта» тақырыбына арналды.
Оған барлық өңірлердің кəсіби медиаторлары, Нұр-Сұлтан қаласы мен Жамбыл облысы соттарының татуластырушы судьялары, Жоғарғы Соттан – судья Ұлбосын Сүлейменова, Департамент басшысының орынбасары Елдос Жұмақсанов жəне баспасөз қызметінің басшысы Айдос Садуақасов қатысты.
Жиынға қатысушылар татуластыру рəсімдерін дамыту мəселелерін жəне өңірлердің озық тəжірибелерін талқылады. Медиаторлар Сот кабинетінің «Е-татуласу» функционалын жетілдіру, республика медиаторларының бірыңғай тізілімін қалыптастыру, істердің жекелеген санаттары бойынша сотқа дейінгі міндетті медиацияны қолдану бағытында заңнамалық түзетулер енгізу, сонымен қатар татуластырудың артықшылықтары туралы халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы ұсыныстарын айтты.
Сындарлы диалог барысында Жоғарғы Сот спикерлері қатысушыларды қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
«Дауды соттан тыс шешуге ұмтылу қажет. Бұл азаматтардың уақыты мен қаржы ресурстарын үнемдеуге көмектеседі. Бізде сұранысқа ие медиаторлар бар. Өз өңірімен қатар, жалпы республикаға танымал медиаторлар шоғыры қалыптасып келеді. Баршаңызға сəттілік тілеймін», – деді Ұ.Сүлейменова.
Бұған дейін Коммуникация орталығы заңгерлер жəне журналистер қауымдастықтарының өкілдерімен сарапшылық кездесулер өткізгенін атап өткен жөн.
Айдос Садуақасов