Қазақ – ежелден сөзге тоқтап, сөз қадірін білген, адалдығын жоғалтпаған халық. Осындай атадан балаға мирас болып сақталған қасиеттеріміз бола тұра, кейде санамыздың улануы ма, әлде басқа да жағдайлардың әсері ме, тұрғындардың кейбірі дауға құмар болып барады. Ал сот жүйесінде «Медиация туралы» заң енгізілгелі бері, дау-дамайдың дені татуласу рәсімімен аяқталуда.
2011 жылдың 28 қаңтарында жария етілген Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңы медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды. Осы заңның аясында істі қарауға әзірлік кезеңінде медиацияны тараптарға түсіндіріп жеткізу соттарға міндеттелген. 2020 жылдың 22 маусымынан бастап Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне өзгерістер мен толықтырлар енгізіліп, егер тараптар арасында татуластыру рәсімдері жүргізілетін болса, талап қоюды қабылдау мерзімі 10 жұмыс күніне дейін ұзартылды. Осы мерзімде татуластырушы-судьялар тараптармен келіссөздер жүргізеді. Бұл тұрғыда айта келетін мәселе, татуластырушы-судьялар келіссөздер процесін өткізу дағдылары бар, тәжірибелі судьялардың қатарынан іріктеледі. Егер тараптар татуласуға келмесе, арыз іс қозғау үшін басқа судьяға түсіп, бұл туралы ұйғарымда татуластыру рәсімдері табысты болмағаны көрсетіледі.
Медиация азаматтық еңбек, отбасылық қатынастар және заңда белгіленген басқада жағдайлар бойынша істерді қарау барысында қолданылуда. Қазір әлем мемлекеттерінде медиация институты арқылы көптеген даулы мәселелерді бітімге келтіріп, оң шешім тауып жатыр және бұл тәжірибе біздің елімізде де қолданылуда.
Дауды оңтайлы шешетін тараптардың өздері екенін қоғамға жеткізу жолында соттар тарапынан жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Солардың ең біріншісі ретінде түсіндіру жұмыстарын атап өтуге болады. Түсіндіру шараларының медиация институтын дамытуда берері мол. Олай дейтініміз, татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейту, азаматтардың сот шығындарын барынша азайту, халықтың соттан тыс дауды реттеу мүдделілігін анықтау аталған институттың негізгі мақсаттарының бірі болып саналады.
Медиация тараптарды татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды. Тараптар жазбаша келісім, шарты сотқа ұсынады сот оны бекітеді.
Жаңадан енгізілген азаматтық процестік кодекстің басты жаңашылықтарының бірі –татуласу рәсімдері. Бітімгершілік рәсімдерді қолдану шаралары кеңейтіліп, медиация институты жетілдіріліп, партисипативтік рәсім жаңашылдыққа айналып, сот ісін жүргізу жеңілдеді. Енді кезкелген дауды қарамас бұрын судья тараптарға медиацияның артықшылықтарын, медиатор көмегіне жүгінуге мүмкіндігі барын түсіндіреді. Сот тәжірибесінде дауласушы тараптарды татуластыру мен келістіру рәсімдерінің қолдануы тиімді болып отыр.
Татуласудың көптеген жағдайында талапкердің бұзылған құқықтары сотқа жүгінген уақыттан бастап екі апта ішінде қалпына келтірілуде. Осы орайда Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі өзегі – ұлттық сана мен болмысқа қайта оралу екенін айтқым келеді. Ал бүгінгі қозғалып отырған өзара татуласу, ауыл-үйдің әңгімесін сотқа дейін жеткізбеу мәселесі де осы рухани жаңғырудың бір тармағы. Біз қазақтың төл болмысындағы «ұят болады», «ағайынның азары болса да, безері жоқ» деген қасиеттерімізді жоғалту алдында тұрмыз. Ағайынды адамдардың соттасып, төбелесіп отырғанын көргенде, қазақтың «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген аталы сөзі еріксіз ойға оралады. Сондықтан елімізде белең алып бара жатқан дауласушылықты болдырмау мақсатында бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып, жалпы халықтық дертпен күресетін кез келді деп санаймын.
Махаббат МҰЗДЫБАЕВА,
Шымкент қаласының
мамандандырылған
ауданаралық экономикалық
сотының судьясы.