Бала тәрбиесі. «Адамның бір қызығы бала деген…» «Баламды медресеге біл деп бердім, қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім – деп» дана Абай айтқандай, адам қашанда ұрпағымен қымбат.
Бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, өз отбасындағы тәрбиесі. Қазақтың «Баланың бас ұстазы – ата-ана» дегендей, тәй-тәй басып, есі кіріп, тілі шыға бастағаннан-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тіл алғыш етіп баулыған дұрыс.
Дана халқымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болып өскенде оны түзете алмайсың» – деп бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік секілді құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен ұстаздар шешуші рөл атқарады.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді халық даналығы. Ұрпақ өн бойына ізгі адамгершілік нәрін сіңіру, ғұмыр жолында бағыт нұсқар шамшырағындай жарқын үлгі көрсету, жақсылық атаулыға баулу ата-ананың басты парызы. Сүттей ұйыған отбасыда өзара сыйластық, ыстық сүйіспеншілік, қамқорлық мен түсіністік салтанат құрады. Ал, күнара дау-жанжал орын алып, кез-келген нәрсе ұрыс-керіске ұласатын жанұяда бақ-береке де, ырыс дәулет те тұрақтамасы анық.
Соңғы жылдары қоғамда толық емес отбасылар көбейіп, яғни ажырасу мәселесі көптеп белең алуда. Ата-аналары екі бөлек кеткеннің кесірінен бала тағдыры тәлкекке түсуде. Ажырасудың ащы салдары балалардың кейінгі ересек өміріне де көлеңкесін түсірмей қоймайды. Олар өзгелерге сенуден қалған, жасық, өздерін түкке тұрғысыз санайтын адам болып өсуі мүмкін. Мұндай балалар кейін некелерінде қиындық туындағанда, ажыраса салуға бейім келеді.
Ажырасқан кісілер баланың алдындағы ата-аналық міндеттерін теңдей бөлісіп, бұрынғысынша атқара береміз деп ойлайды. Бірақ бұлай ету оңай емес. Зерттеулер көрсететіндей, ажырасқан ерлі-зайыптылар балаларына жиі, жеткілікті көңіл бөлмейді, бір-біріне қайшы келетін екі түрлі тәрбие береді, өздерін кінәлі сезінгендіктен не қатты шаршағандықтан, балаларын бетімен жібереді. Ал ажырасқан жағдайда әкенің балаға көңіл аудармай, тәрбиесіне араласпауы, баласымен жүйелі түрде кездесіп тұрмауы, алимент төлемеуі, еріне сөзін өткізе алмаған әйелдің баладан өш алуы қоғамдық дертке айналды. Жастау кезінде қарсылық танытпағанмен, өсе келе бала үйден естіп-көргенін істейді. Отбасын құрғанда дәл ата-анасының өмірін қайталайды.
Отбасының дәстүрлі құндылықтары сақталмаған соң, ерлі-зайыпты ажырасып олардың артында «махаббатты, жылулықты сезінбеген», толыққанды отбасы деген ұғымның не екенін түсінбейтін балалар қалады. Мұндай отбасында өскен бала толыққанды жеке тұлға болып қалыптасу кезінде түрлі қиындықтарға ұшырап, оны шеше алмай қалады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, әкенің баламен жүйелі түрде кездеспеуі оның өзіне деген, өмірге сенімділігін жоғалтады. Әсіресе, қыз баланың отбасын құруына үлкен кедергі. Өміріндегі ең қымбат адамы – әкесі тастап кетсе, оған қажетім жоқ деп ойлап, онда ер адамға теріс көзқарас қалыптасады. Сондықтан тұрмыс құрғанымен, ажырасуға оңай барып жатады. Ал ұл бала әкем сондай болған соң, мен де сондаймын деген ойға келеді.
Отбасы – бақыт мекені. Жан-ұядағы басты тұлға – ата-ана. Өзара тату ата-ана бала тәрбиесінде қиналмайды. Үлгілі отбасында туып, толық отбасында өскен баланың келешегі жарқын болмақ. Әрбір баланың толық отбасында тұрып, тәрбиеленуге құқығы бар. Бала үшін әке мен ананың мейірімінен асқан ештеңе жоқ. Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы мен өсіп дамуында, өмірде өз орнын тауып, аяғын нық басуында икемі келер кәсіпті игеріп, табысқа қол жеткізуінде отбасында берген тәлім тәрбиенің маңызы зор. Толыққанды, тату отбасында ержеткен баланың болашағы әрқашан да жарқын болмақ.
«Ұрпақ тәрбиелі болса, сол ұлттың болашағы жарқын болмақ» – демекші бала тәрбиесінде ұрпағымыздың бойына рухани құндылықтарды қалыптастыратын мектеп – Отбасы. Отбасы – шағын мемлекет.
Жанұя бақыты жолында тәуекелге бас тігіп, жауапкершілік жүгіне арқа тосқан жан ғана қоғам алдындағы азаматтық борышын адал өтей алмақ. Бұл еш жерде жазылмаған өмір заңы. Сол себепті ой-санасы мен жан дүниесі үйлесімді баланы бақыт мекені-толық отбасында тәрбиелеп өсіру баршамыздың адами борышымыз екенін сәл де болса естен шығармауымыз қажет.
Отбасы тәрбие баспалдағы. Баланың жеке басының қалыптасуы, ақыл-ойы, ар-намысы, мәдениеттілігі, жақындарына деген сүйіспеншілігі ата-анасының ыстық сезімінен бастау алады. Неке бұзу – жеңіл-желпі қарауды көтермейтін ұлттық мәселенің бірі. Ол үшін некенің бұзылуына жол бермей, шаңырағымызды шайқалтпай, отанымыздың түп негізі отбасымызды сақтап қалуға атсалысайық!
Бабырхан Абуев.
Жамбыл облысы,
Мойынқұм аудандық
сотының төрағасы