(Ой салу)
Төрткүл дүниені тентіреткен жаһандану мешкейі адамзат баласының азғындануына тез тотығатын темірдей теңдікке ұмтылдырып, кедейшілік пен аш жалаңаштықты алға тартып, рухани дүниені тұншықтырып, жан жағын лайлап былықтырып бітті. Оған мысал, «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» дейтін атам қазақтың ұрпақтары, қазіргі күнде малы үшін жанында, тәнінде, арында «сауда сақал сипағанша» деп саудалауға көшті. Ақша үшін бауыр еті баласын сатса, тәнін өткізу үшін жастығын бұлдап баласын сасық шұңқырға тастаса, ары үшін арнайы ақы дәметсе, қазақ үшін бұдан асқан сор бар ма?! «Сорлы байғұсым ай, сорлап қалды» деген сөз басымызға сор болып енді жабысты. «Естімеген елде көп» демекші сорақы істер күн емес, сәт сайын өрттей өршіп барады. Оны іліп алып жер жаһанға жарамазандай жар салатын көгілдір терезелер сүйінші сұрап мәз мейрам. Сонда деймін-ау, «осыларын дұрыс болмады», – деп билік басындағылардың біреуі айтсайшы. Керісінше ыстық майға су құйғандай көк түтінін көк аспанға күлше шашқандай одан бетер даурықтырды. Бір – бірінің сымсыз ұялы телефондары арқылы жүктеп, сіңбірінді сарқытындай салаңдатқан сыпсыңдарды смс-термен өзгелерге үлестірді. Осы сорақы жұмбақтың шешуін айтпады, мәжілістерінде қарамады. Біреуінің балтыры сыздап, басы ауырмады. Жаңылмайтын жаттанды жаңылтпаштарын айтып, сағызын шайнап отыра берді. Тек әлеуметтік байлықпен шектелген мүгедек қоғамның ертең сал болып қалатынын ойламады. Әл-Фараби бабамыз айтқандай «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы» деген өнегелі қасиетті сөзін естеріне түсіргісі келмеді. Алаштың алты арысын түгелдейтін Бекболат Тілеухан ағамыздай тектілікті ту ететін тіреулер сенаттан табылмай, күрделі кірбің мәселелер жабылмай, жаман әдеттерден арылтуға ат салысатын ағайындар күнделікті естіген үйреншікті әдеттердей «ә» деп қоя салды. Менің көңілімді күпті еткен ойлар осылар еді. Осы мәңгүрт сезімдер ұлы дала елінің ұрпақтарының түбіне жетпесе болғаны. Оған себеп, бала тәрбиесіне байыппен қарайтындар ата-аналар, ата-әжелер азайып бара жатыр. Емірене отырып, ертегі айтатын әжелеріміздің кейбірі шашын қидырып, тырыстырып шалбар киіп ойнақтап билесе, аңыз – шежірелерді тереңнен тойлайтын ақсақалды аталарымыз кейбірі атын даулап, карта ойнап, шарабын ішіп шалқиып, көшеде ұйықтап тәңкиіп, меңіреудей мәңкиіп, боғауыз былапыттарын баттитып, сақалын саптитып саудалауға құмар. Кейбір тәлім-тәрбие беретін әке-шешелерге өзінің туған баласына тәрбие беру мәселесін көтерсең, «Домбырам не дейді, мен не деймін» кейпіне көшіп, тегіңді термелеп, басыңа өрмелеп, мініңді тінтіп, кемшілігіңді күйттеп кетеді. Жауабын түсінген тәрбиені тереңінен қозғайтын зайырлылардың сарқыншақтары басын тау мен тасқа ұрудан басқа амалы қалмайды. Сандалған сансыз сұрақтар санамды сансыратып бара жатыр. Бұдан шығатын жол барма, құрметті ағайындар не істесек болады!?
№2 Ш.Уалиханов атындағы ЖОМ-нің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж. Амангелдиев.