ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Адами капиталды, білім және ғылымды дамыту жөніндегі ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ және «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» ҚБ арасында Салалық деңгейде білім және ғылым саласы қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған «Әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімге» қол қойылды, – деп хабарлайды Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі.
Келісім, әлеуметтік әріптестік институттарының бірі ретінде сала қызметкерлерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін, жұмыс берушілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді қамтамасыз етеді. Салалық Келісімнен туындайтын ережелер Тараптар үшін міндетті болып табылады, негіз болады және өңірлік салалық келісімдер жасасу кезінде оларды алып тастауға немесе азайтуға болмайды.
– Салалық келісім Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметкерлердің еңбек жағдайын, жұмыспен қамту және әлеуметтік кепілдіктерді салалық деңгейде белгілеу жөнінде тараптардың міндеттері мен мазмұнын айқындау мақсатында жасалды. Сала қызметкерлерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды құжатты қабылдауға қатысқан әлеуметтік әріптестерге зор алғысымды білдіремін, – деп атап өтті Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева.
Салалық келісімнің шарттарына сәйкес – Еңбек қатынастары бөлімінде: Педагогтардың оқу жүктемесінің көлемі (педагогикалық жұмыстың) оқу жоспары, оқу бағдарламасы бойынша сағаттар санына, кадрлармен қамтылуына, сол ұйымдағы басқа да нақты жағдайларға орай білім беру ұйымының кәсіподақ комитетінің пікірін ескере отырып белгіленеді. Педагогтың оқу жүктемесінің көлемі еңбек шартында көрсетіледі және тек еңбек шартына қосымша келісім жасау арқылы тараптармен өзгертілуі мүмкін.
Қоса атқарылатын оқытушылық жұмыс сол ұйымда негізгі жұмыстан басқа қосымша жұмыс істейтін тұлғаларға, сондай-ақ басқа білім беру ұйымдарының педагогтарына (білім басқармалары органдары мен оқуәдістемелік кабинеттердің, орталықтардың қызметкерлерін қосқанда) осы ұйым негізгі жұмыс орны болып табылатын педагогтар кем дегенде бір ставкалық жалақы мөлшерінде оқу жүктемесімен қамтылған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Педагогтың оқу жылы ішінде оқу жүктемесін еңбек шартында немесе ұйым басшысының бұйрығында келісілген оқу жүктемесімен салыстырғанда азайту немесе көбейту: тараптардың өзара келісімі бойынша; мына жағдайларда жұмыс берушінің бастамасымен: оқу жоспарлары мен бағдарламалары бойынша сағат санын азайту, сыныптар, топтар санын қысқартуы; өндірістік қажеттілікке байланысты, уақытша орнында жоқ қызметкерді алмастыру үшін оқу жүктемесінің көлемін уақытша көбейтуі (мұндай жағдайда қызметкердің келісімінсіз көбейтілген оқу жүктемесін орындау ұзақтылығы күнтізбелік жыл ішінде бір айдан аспауы қажет); қызметкерлерге олардың мамандығы мен біліктілігін ескере отырып, бос тұрып қалған жағдайдың барлық уақытына сол ұйымнан немесе сол жердегі басқа ұйымнан кемінде бір айға басқа жұмыс тапсырылуы (ауа райы жағдайларына, карантинге және басқа жағдайларға байланысты сабақтарды тоқтату); бұрын осы оқу жүктемесін орындаған педагогтың жұмысында еңбек дауын қарайтын органмен қалпына келтіруі; бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты еңбек демалысын үзген немесе осы демалыс аяқталғаннан кейін әйелді жұмысқа қабылдауы мүмкін.
Білім беру ұйымдарының қызметкерлері еңбек шартымен белгіленген жұмыспен қатар, еңбек шартына қосымша келісім бойынша немесе еңбек шартымен қоса атқаратын жұмыс негізінде сол ұйымда штаттық лауазымсыз қоса атқару немесе қосымша жұмыс жасау жағдайында сыныптарда, топтарда, үйірмелерде, секцияларда оқытушылық жұмысты жүзеге асыруға құқылы. Білім беру ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарларына басқарып отырған ұйымдарында тек басқару органының рұқсатымен пәндерден сабақ беру 0,5 нормативтік оқу жүктемесі көлемінен аспайтын, толық ақы төлеумен қосымша педагогикалық жұмыс берілуі мүмкін.
Өндірістік қажеттілікке байланысты (оқу жоспарының бөлінбеуі, педагогтың уақытша болмаған және тағы басқа жағдайларда) жүктеме 50% астам көлеміндеберілуі мүмкін. Қызметкермен еңбек шартын тоқтату тек Қазақстан Республикасы Еңбек кодексімен және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен көзделген негіздер бойынша іске асырылуы мүмкін. Кәсіподақ мүшесі – қызметкермен жұмыс берушінің бастамасы бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабында көзделген кез келген негіздеме бойынша еңбек шартын бұзу кезінде Жұмыс беруші алдын ала бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ комитетінің дәлелді пікірін алуға міндетті.
Кәсіподақ мүшесі болып табылатын білім және ғылым саласы ұйымының басшысымен еңбек шартын бұзу жағдайында білім және ғылым ұйымы басшысымен еңбек шартын бұзу құқығына ие жоғары тұрған басшы дәлелді пікір алу үшін қарамағында еңбек ұжымында құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымы бар аумақтық кәсіподақ ұйымының атқарушы кәсіподақ органына жүгінуге міндетті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне ведомстволық бағынысты білім және ғылым саласы ұйымының басшысымен еңбек шартын бұзу кезінде, егер аталған басшы кәсіподақ мүшесі болып табылса, Қазақстандық салалық кәсіподақ төрағасының немесе оның орынбасарының дәлелді пікірі сұратылады.
Кәсіподақтың дәлелді пікірі 3 жұмыс күні ішінде ұсынылуы тиіс. Қашықтан жұмыс еңбек шартының жағдайларымен анықталады. Еңбекке ақы төлеу және еңбекті нормалау бөлімінде: тараптар жалақылары нормативтік оқу жүктемесімен белгіленетін оқытушылардың, мұғалімдердің, тәрбиешілердің, басқа қызметкерлердің тарифтік тізімдері мен оқу жүктемесі, білім беру стандарттары мен нормативтік құқықтық актілерге сәйкес сыныптардың (топтардың) белгіленген шегінде толуын ескере отырып құрылады деген шешімге келді. Оқу жүктемесін бөлу үшін жұмыс беруші кәсіподақ ұйымы өкілдерінің қатысуымен тарифтік комиссия құрады. Бастауыш әскери дайындық жөніндегі оқытушы ұйымдастырушылардың (алғашқы әскери және технологиялық дайындық оқытушы ұйымдастырушылар) айлық жалақысы,лауазымдық айлықақы және апталық жүктеме бойынша нақты оқу сағатына жалпы негізде есептелген ақыдан құралады. Жалпы орта білім беру ұйымдары жанындағы мектепке дейінгі дайындық сыныптар тәрбиешісінің жалақысы сыныптағы оқыту сағаттарының санына қарамастан бір сынып үшін бір ставка мөлшерінде аптасына – 24 сағатқа есептеледі.
Тараптар «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 18 желтоқсан № 1787-ХІІ Заңына сәйкес Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақ салдарынан запдап шеккен аумақтарда жүмыс жасайтын білім беру ұйымдарының, соның ішінде жоғары оқу орындарының қызметкерлеріне, олардың экологиялық куәліктері болуына қарамастан: ҚР «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңының 13-бабы 1)т.т. белгіленген мөлшерде радиациялық қауіпті аймақтағы жұмысы үшін қосымша ақы; Қазақстан Республикасының жоғарыда аталған Заңының 13-бабы 3)т.т. белгіленген ұзақтықта, жыл сайынғы еңбек демалысымен бірге берілетін қосымша жыл сайынғы ақылы демалыс тағайындалады деп келісті.
ЖҰМЫС УАҚЫТЫ ЖӘНЕ ТЫНЫҒУ УАҚЫТЫ бөлімінде: Ұйым қызметкерлерінің жұмыс уақыты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі №153 бұйрығымен бекітілген педагогтың жұмыс уақыты мен тынығу уақыты режимінің ерекшеліктерін айқындау Ережелерінің талаптарын ескеріп, оларға ұйым Жарғысымен (Ережемен) жүктелген міндеттемелермен, бастауыш кәсіподақ ұйымы кәсіподақ комитетінің келісімі бойынша жұ-мыс берушімен бекітілген ішкі еңбек тәртіптемесінің Ережелерімен, оқу кестесімен, жылдық күнтізбелік оқу кестесімен, ауысым кестесімен, сондай-ақ еңбек шартының жағдайларымен, қызметкерлердің лауазымдық нұсқаулықтарымен және анықталады.
Педагогтар және ғылыми-педагог қызметкерлер үшін жұмыс уақытының ұзақтығы (жалақы ставкасына педагогикалық жұмыс сағатының нормасы) аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына негізделіп белгіленеді. Жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы ұйым басшыларына, олардың орынбасарларына, құрылымдық бөлімшелердің басшыларына қолданылмайды. Педагогтардың жұмыс уақытына атқаратын лауазымына байланысты: оқу (оқытушылық), тәрбие жұмысы, білім алушылармен жеке жұмыс, ғылыми, шығармашылық және зерттеу жұмысы, сондай-ақ лауазымдық міндеттемелермен және (немесе) жеке жоспармен көзделген басқа да педагогикалық жұмыс: әдістемелік, даярлық, ұйымдастырушылық, диагностикалық, мониторинг жұмысы, білім алушылармен тәрбие, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық, шығармашылық және өзге де шаралар жоспарларымен көзделген жұмыс енгізіледі.
Қашықтан жұмыс жасайтын қызметкерлер үшін жұмыс уақытының тіркелген есебі белгіленіп, оны бақылау ерекшелігі еңбек шартында немесе еңбек тәртіптемесінің ережелерінде анықталады. Егер жұмысты орындау жұмыс берушімен нақты уақытпен тіркелмеген жағдайда, жұмыс уақыты еңбек шартымен белгіленген жұмыс көлемін орындау ретінде жұмыс уақытын есепке алу құжатында белгіленеді. Қызметкер мен жұмыс беруші еңбек шартымен белгіленген жұмыс уақыты шегінде қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкермен жұмысты орындаудың нақты уақытын көздейтін өзара іс-әрекет тәртібін белгілейді.
Өзара іс-әрекет тәртібінде қызметкердің жұмыс берушінің қоңырауына, электрондық хаттарға және сұраныстарына қызметкер жұмысты орындаумен байланысты жұмыс берушінің сұраныстарына жауап беруге міндетті мерзімдегі міндеті көзделген. Қызметкер өзара іс-әрекет тәртібімен белгіленген уақыттан тыс жүзеге асырылатын жұмыс берушінің сұраныстарына жауап беруге міндетті емес.
Тараптар келесі қызметкерлерге ақылы еңбек демалыстарына 3 күн қосуды келісті: медициналық қызметкерлер; кітапханашылар; аудандық, қалалық (мектеп) әдістемелік бірлестіктерінің; техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының әдістемелік бірлестіктерінің басшылары; бас бухгалтерлер; бухгалтерлер.
ЕҢБЕКТІ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚТЫ ҚОРҒАУ бөлімінде: Қызметкерлердің жұмыс орындары (лауазымдарын) мен орташа жалақыларын сақтай отырып, тегінміндетті алдын ала және мерзімді медициналық тексеруден өтулерін қамтамасыз етуге; Жұмыс берушінің қаражаты есебінен білім беру ұйымы қызметкерлерінің қатарынан декреттелген топ тұлғаларын гигиеналық оқытуды жүзеге асыруға.
КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ КЕПІЛДІКТЕРІ бөлімінде:
Тараптар сайланбалы кәсіподақ қызметкерлеріне құрмет атақтарын беру және ведомстволық ерекшелік белгілерімен марапаттау туралы шешімді бірлесіп қабылдай алады. Кәсіподақ марапаттары мен наградалары қызметкерлерді аттестаттау кезінде назарға алынады. Жұмыс берушінің бастамасымен жұмыстан шығаруға, сондай-ақ кәсіподақ органдарының құрамына кіретін қызметкерлердің (қызметкердің кінәсінен болмаған оқу жүктемесі көлемінің немесе басқа жұмыс көлемінің өзгеруіне байланысты еңбекке ақы төлеудің мөлшерін азайту, белгіленген қосымша ақылар мен үстеме ақыларды, басқа да ынталандыру және көтерме төлемдерді және т.б. алып тастау) еңбек шарттарының маңызды жағдайларын өзгертуге, жұмыстан шығарудың жалпы тәртібін қадағалаудан басқа, өздері мүше болып табылатын кәсіподақ органының тек дәлелді пікірлері болғанда, ал кәсіподақ органы басшыларын (олардың орынбасарларын) босатуға – жоғарғы кәсіподақ органының дәлелді пікірлері болған жағдайда ғана жол беріледі;
Министрлік пен Жұмыс берушілер Кәсіподаққа еңбек заңнамасының орындалуына қоғамдық бақылауды жүзеге асыруда жәрдемдеседі. Кәсіподақ пен оның аумақтық ұйымдары өз мамандарының күшімен, білім және ғылым ұйымдарындағы еңбек заңнамасының сақталуы бойынша күнтізбелік жылда кемінде екі рет жоспарлық бақылаулар жүргізуге құқылы. Аталған шектеу сала қызметкерлерінің арыздары мен шағымдары бойынша, басқа жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша тексерулерге қолданылмайды. Бақылау нәтижелері бойынша Кәсіподақ анықталған құқық бұзушылықтарды жою және қызметкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жөніндегі тиісті актілер мен ұсыныстарды білім және ғылым ұйымдарының басшыларына жібереді.
Бақылауларды жүргізу тәртібі, тексерулердің нысаны мен түрлері Кәсіподақтың тиісті актісімен анықталады. Бақылауларды жүргізу кезінде жұмыс берушілер бақылау мәні бойынша құжаттарды, соның ішінде: бұйрықтарды, тарифтеу тізімдерін, нұсқауларды, қағидаларды және тағы да басқа мүмкіндіктерді көрсетуге міндетті. Салалық келісімнің мәтіні Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының сайтында жарияланды.
bilimdinews.kz