«Медиация» термині латынның «mediare», делдалдық ету деген сөзінен шыққан. Медиация-тараптардың еркін келісімі арқылы жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы келісімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу тәсілі. Медиацияның басты мақсаты-даудағы кінәлі тарапты анықтау емес, қайта дауласқандарды ымыраға шақырып, татуластыру, екі тарапты қанағаттандыратын шешімге қол жеткізу болып табылады.
2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданды. Қолданыстағы заң атауы ерекше болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Дала билігінің дара тұлғалары –Төле би, Әйтеке би, Қазыбек билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез-келген дау-дамайды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, жеріміздің тұтастығын сақтауға аса назар аударған. Бұл «алдыңа келсе атаңның да құнын кеш» деген қағиданы басшылыққа алған дарабоз билердің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы деуге болады.
Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламасын, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасының «Татуласу сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасын іске асыру мақсатында Мойынқұм ауданында 2018 жылдың қыркүйек айында арнайы Татуластыру бөлмесі ашылып, 5 адамнан тұратын Билер кеңесі құрылып жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, ауданның 18 ауылдық округінде де Ауыл Билері сайланып, ауыл тұрғындары арасында туындаған дау-дамайларды шешу жолында жұмыс жүргізуде. Дана халқымыз «Ел болам десең бесігіңді түзе» деп бекер айтпаған. Билер кеңесінің басты мақсаты жастарға бағыт-бағдар, тәлім тәрбие беру. Адасқандарды жолға салып, оларды жат қылықтардан аулақ болуға үйрету. Ауыр емес қылмыстарды сотқа жеткізбей шешуге қол жеткізу болып табылады.
Медиация көмегімен шешілген істер уақыт үнемдейді. Сот жүктемесін азайтып, азаматтарды шығынға апармайтыны рас, бірақ ең маңыздысы-дауласушыларды адами тұрғыдан түсінісуге, өзара келісімге келуге, бір-біріне кешіріммен қарауға үйретті. Мысалы, ерлі-зайыптылардың ажырасу ісінде тараптар келісе алмай, бір-бірімен қырғи қабақ болып, соңы жанжал ұрысқа әкеп соғып жатады. Билер кеңесінің татуластыру рәсімі осындай келеңсіз жағдайларға жол бермеуге ықпал етуде.
Ел болған соң дау дамайсыз болмайтыны анық. Бірақ сол дау-жанжалды ушықтырмай дер кезінде шешуге қол жеткізу жолдарын дамыту, бүгінгі күннің басты тақырыбына айналып отыр. Өйткені ұлтымызға жат жағдайлардың белең алуы, салт-дәстүріміздің ұмытылып, құндылықтарымыздың құнсызданып, дүние игіліктері көбірек дәріптелетін қазіргі қоғамда адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен сыйластығы азайып, қатыгезденіп бара жатқаны жасырын емес.
Қорыта келе, «Медиация туралы» Заң халыққа өте қолайлы, әрі тиімді, сот және құқық қорғау органдарының жұмысына көптеген жеңілдіктер әкеледі және азаматтар арасындағы қарым қатынаста талас-тартыс деңгейін төмендетуге, тараптардың қарым-қатынас мәдениетінің, этикасының жоғарылауына, ерікті түрде шешімдердің орындалуына ықпал етеді деген сенімдемін.
Гүлмира Рахимова,
Жамбыл облысы
Мойынқұм аудандық
сотының кеңсе меңгерушісі