Даулар мен қақтығыстар өмірдің ажырамас бөлігі болып табылады. Олардың кейбірін ымыраға келу арқылы шешуге болады. Басқалары соттың талқылауы мен әділеттілік органының шешімін талап етеді. Жалпы қазақ халқы қашан да отбасы беріктігі мен шаңырақтың шайқалмауын жоғары қойған. Ал бүгін де «отбасы ошақ қасындағы әңгімені» дау қылып, сотқа жүгінетіндердің саны артуда. Отбасылық даулардың әулет ақсақалымен емес, сот арқылы шешілетіні өкінішті.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабында: «Неке мен отбасы, әке, ана және бала мемлекеттің қорғауында болады. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы, әрі міндеті», – деп баса көрсетілген. Осы жүктелген міндет елімізде «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексі негізінде жүзеге асырылады.
Неке бұзу туралы азаматтық істерді қарағанда соттың бар мүмкіншілігі сот мәжілісінде екі жақты татуластыру үшін әрекет жасауға мүдделі, екі тараптың көңілдерін, олардың талап – тілектерін егжей-тегжейіне дейін зерттеп, не олардың некесін бұзу қажет, не ерлі-зайыптыларды татуластыру мақсатын көздеп, мерзім береді.
Қазіргі таңда сот жүйесінде және сотқа дейін отбасыны, заңды некені сақтап қалу мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен «Отбасылық сот» жобасы қолға алынып, татуластыру жұмыстары жүргізілуде. Мойынқұм ауданында сотқа дейінгі және сотқа келіп түскен даулар бойынша татуластыру жұмыстарын жүргізу мақсатында Билер кеңесі, «Бастау» жұмыс тобы құрылып, жұмыс жасауда. «Бастау» жұмыс тобы азаматтар үшін медиатордың, адвокаттың, нотариустың, психологтың қызметі бір арнаға тоғысқан бірыңғай алаңы. Некені бұзу туралы азаматтық істі қараған кезде судьяның алдында тұрған міндет ерлі-зайыптыларды ажырату емес, керісінше татуластыруға, бір сөзбен айтқанда заңды некені сақтап қалуға негізделеді.
Әдетте отбасылық қайшылықтарға ұрынған жұптар психолог мамандардың көмегіне жүгіне бермейді. Ерлі-зайыптыларға ашу-үстінде асығыс шешім қабылдамас үшін заң аясында ойлануға, татуласуға мерзім беріледі. Райынан қайтпауға бел буып келген кейбір жандарға судьяның шеберлігі мен парасаттылығының арқасында бейбіт шешімге келіп, табысып кеткендері де жоқ емес. Жыл басынан Мойынқұм аудандық сотында «Бастау» жұмыс тобының қатысуымен ерлі-зайыптылар татуластырылып, 3 отбасын сақтап қалды. Сонымен қатар, 21 жасқа дейін алимент өндіру туралы 1 азаматтық іс бойынша тараптар татуласып, іс өндірістен медиация тәртібімен қысқартылған.
«Отбасылық сот» пилоттық жобасы шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстар отбасы іргесінің берік болуына, отбасы құндылығының маңыздылығына жіті мән беруге, отбасын сақтап қалуға және баланың толық отбасында қалыптасып, өсуіне өз ықпалын тигізуде.
НЕКЕНІ САҚТАУ-ҰЛТТЫ САҚТАУ!!! Б.К.Далибаев, Мойынқұм аудандық сотының судьясы