«Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дейді халықтың әпсанасы. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген де қазақтың дана сөзі бар. Шындығында, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі экономикалық-әлеуметтік салаларындағы тұтас жетістіктері тек ынтымақтасықтың, сол ынтымақ арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды.
Мамырдың алғашқы күні – Қазақстан халқының бірлігі мерекесін жаңа тұрпатта тойлау қажет. «Көктемгі 1 Мамыр мерекесі біздің елдегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыра түсуі тиіс. Бұл біздің туған Қазақстанымыздағы 20 жылда құрған негізгі мерекеміз болады. Бірінші мамыр – бірліктің ерекше мерекесі. Сондықтан да, мамырда тұтас ай бойы жақындасудың барлық жаңа жолдарын байқап көру керек. Ал тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайтынына қазіргі жер жаһанда орын алып жатқан мысалдар жеткілікті. Сондықтан да, бірлікті ту еткен еліміз Қазақстан халқының бірлігі күнін басты мерекелердің біріне айналдыруды қолдап келеді.
Аумалы‑төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, берекесі төгіліп, бірлігі сөгілген елдердің саны артып келе жатқанын да байқауға болады. Әсіресе, жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Сондықтан да, бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде тұрақтылық сақталып, болашақ дамуы да баянды болатынына ұзағынан ниеттеміз.
Көптеген ұлттардың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгілік жолды нұсқап келеді. Әйтсе де, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың алтын бесігін тербету аяқ астынан туындаған немесе қазақ даласында өздігінен пайда болған дүние еместігі бесенеден белгілі.
1 Мамыр мерекесі елдің бірлігін одан сайын нықтап, сол арқылы қазақтың тірлігінің берекелі болуына жол ашсын деп тілейік!