Әл-Фараби педагогикасының түпкі мақсаты – адамдарды бақытқа жеткізу. Оның пікірінше, философия ақиқатқа жетуге ұмтылғандықтан адамзаттың бақытқа жетуіне қызмет етеді. Ол адам баласын жаратылыстың ең ұлы құндылығы деп есептеді. Әбу-Насыр әл-Фараби ақылды, пайымдағыш, мінсіз, еңбекқор отбасы үлгісін ұсынды. Бүгінгі отбасы тәрбиесі жағдайында отағасының бойынан табылуға тиісті қасиеттер ретінде бұл қасиеттер бүгінде де өз өзектілігін жоймаған.
Бұл тұста ғұлама әл-Фараби өзінің «Бақытқа жету жолында» деген еңбегінде отбасы басшысының ақыл-парасатының жоғары болуы ондағы өмірді дұрыс ұйымдастыруға және отбасы мүшелерін бақытты тұрмыс кешуге бастайтын басшылығында өте маңызды орынды иеленетінін сипаттайды. Сөйтіп, оны пайымдағыштық қасиетпен байланыстырады.
Отбасының негізгі қызметі өмірге ұрпақ әкелу болса, өмірге келудегі басты мақсат – бақытқа жету деп білген әл-Фараби. Мұндай көзқарастар бүгінгі ғылыми-педагогика теориясындағы отбасы қызметтерінің бірі ұрпақ жалғастырушылықты көрсетсе, өмірге келген ұрпақтың бақытты болашағын қамтамасыз ету де отбасы міндеті екендігін ескертеді. Әрбір адамның өмірде өз орнын тауып, бақытына жетуге қабілетін қалыптастыратын мекені отбасы деп көрсетеді. Оның отбасы тәрбиесі жөніндегі көзқарастары мен трактаттарындағы өсиеттері өз замандастары мен келер ұрпақ зерттеулеріне арқау болып, негізгі бағытты нұсқады.
Әл-Фараби араб халифатында ертеден қалыптасқан дәстүр бойынша мемлекет басқаруға лайық білім-парасаты, мінез-құлқы барынша кемелденген мінсіз адамның қалыптасуын отбасы тәрбиесінің ең бірінші міндеті деп қарастырған. Бұл – сол қоғамның өркениеттілікке жетуі үшін қажетті тұлғаның моделі ретінде сипатталды. әл-Фараби мұнда туа біткен немесе жас кезінен бойына дарытылып егілетін он екі қасиеттің атын атайды.
Әл-Фараби осы қасиеттердің бәрін бала бойында қалыптастыра отырып «мінсіз адамды» тәрбиелеп шығарамыз деп тұжырым жасайды. Дегенмен, әл-Фараби бұл қасиеттердің барлығы бірдей бір кісінің бойына бітіп, дари қоюы сирек болатын құбылыс екенін ескере отырып: «…жоғарыда аталған шарттардың алтауы немесе бесеуі оның бойына біткен болса, онда қиялдау қабілеті жағынан теңдесі болмағандықтан ол осы қаланың айтулы басшысы болмақ» деп, ғұлама тәрбиенің тұлғалық идея сын басшылыққа ала отырып, отбасын және ондағы тәрбиені басқару қашан да мемлекеттік мүддеге сай қойылуы қажеттігін дәлелдейді. Сонымен, ғұлама еңбектеріндегі отбасы тәрбиесін ұйымдастырудың тұжырымдамалық идеясы ізгі қоғамда орналасқан ізгі отбасы жағдайында баланың әрбір әрекетінің ізгілікке бағытталған құлқын қалыптастыруды көздейтін, тұлға тәрбиесінің ізгіліктілігі идеясымен айқындалады.
әл-Фарабидің ойынша, адамдардың жан жүйесіне мәдениеттілік, сыпайылық, асқан тәртіптілік, интеллектуалдық қайырымдылық (даналық, парасат, ой тапқырлығы, ұғымталдық), ал олардың өмір сүруге қажетті қасиеттерінің қатарына ақыл-парасаттылық, көмектесу, қолдау, ұжымдасу, этникалық қайырымдылық (ұстамдылық, батылдық, жомарттық, әділдік) жатады. Ізгі қоғам адамдарында әрекетшілдік, ерлік, жомарттық, өткір тілділік, достастық, кішіпейілділік, адалдық, шынайылық, қайырымдылық болуы керек деп ұйғарды. Жеке тұлғаны қалыптастыру ұғымын ғұлама әл-Фараби былай анықтайды: «Жақсы мінез-құлық пен ақыл-күші – бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады. Егер осы екеуі бірдей болып келсе, біз өз бойымыздан және өз әрекеттерімізден абзалдық пен кемелділікті табамыз және осы екеуінің арқасында біз ізгі игілікті және қайырымды адам боламыз, біздің өмір бейнеміз қайырымды, ал мінез-құлқымыз мақтаулы болады». Бұндай тәрбиені ғұлама мемлекет пен отбасына тапсырады.
Ізгілендіру әл-Фарабидің педагогикалық идеясының негізгі өзегі болған, ғұлама білім берудің ізгілендіру ұстанымына негізделуі қажет екендігін өз уақытында ғылыми тұжырымдалған ой-пікірлерімен айқындап кеткен. Ал бүгінгі таңда әл-Фарабидің көрегендігі мен ғұламалығы дәлелденіп, он ғасыр өтсе де, жаңа білім беру, тәрбие парадигмасы ретінде ізгілендіру танылып отыр. Демек, әл-Фарабидің философиялық, саяси-этикалық, музыкалық мұраларынан ұғатынымыз мемлекет халықтың, жеке адамның рухани болмысының толыққандылығымен, тереңдігімен нығаяды.
әл-Фараби этикалық категория ларға жақсылықты, достықты, өзара көмекті, әділеттілікті, абыройды, қанағаттануды, бақытты жатқызады. әл-Фараби балаларды жүйелі оқытуға 7-8 жасынан беруді ұсынған. Білімді адамның ақыл-парасатына, мінез-құлқына әсер етіп, практикалық іс-әрекетіне пайдалы жақтарына көңіл бөлу керек деп санайды.
Тәрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойында білімге негізделген этникалық ізгіліктер мен өнерді дарыту. Тәрбиелеу – жеке адамның кісілігін қалыптастыру деп көрсетеді. Ол тәрбие әрекетінде қатты әдіс (қатаңдық) пен жұмсақ әдісті (жұмсақтықты) ұштастыра білуді ұсынады. Адамның ар-ожданы алдында адал, шыншыл болуы – адал өзіне-өзі қасиетті болуынан, жүріс-тұрысы ізетті болуынан ғана туады, – деп көрсетеді. Ерікті түрде тәрбиелеу өнері өте-мөте көп күш керек етеді. Адамның әуелден тоқымашы… болып тумайтыны сияқты қайырымдылық пен жаман қылық та әуел бастан жаратылысынан дарымайды. …Сөз жүзінде емес, мінез-құлықты іс жүзінде шыңдау арқылы іске асыруға болады, – деп түйіндеді әл-Фараби. Ғұлама бақытқа жеткізетін, негізінен, денсаулық, еңбек және білім десе, бақытқа жеткізетін ізгіліктер: теориялық ізгілік, ойшылдық, этикалық ізгілік, практикалық (әрекеттік) өнер деп атайды. Бақытқа жеткізетін тағы бір жол – әрекет деп көрсетеді. Әрекет түрлері:
1. Адамның өзінің дене мүшелерін пайдалану әрекеттері (орнынан тұру, отыру, көру, есту).
2. Жан аффектілері: құштарлық, рахат, қуаныш, ашу, қорқыныш, жабырқау, күйіну, қызғаныш және сол сияқтылар.
3. Ақыл-парасат.
әл-Фарабидің норма (шек) туралы қағидасын отбасында да іске асуы керек болды: шамадан тыс ауытқу – не артық кету немесе кем түсу. Мысалы, ержүректілік (батылдық, ұстамдық) – жақсы қасиет. Шектен тыс батылдық көзсіз батырлыққа, қорқақтыққа апарады. Жомарттық (үнемшілдік және ақшаны дұрыс жұмсау) – жақсы қасиет. Шектен тыс үнемшілдік сараңдыққа әкеледі. Шектен тыс артық ақша жұмсау, үнемшіл болмау ысырапшылдыққа соқтырады. Рахатты шамамен пайдалану нәпсіге (ішіп-жемге, әйел жынысына) ұстамдылық арқылы келеді. Рахатқа шектен тыс берілу тойымсыздыққа, қомағайлыққа соқтырады. Оның осы идеялары бүгінгі күнгі оқшаулануда әбден өзекті болып отыр. әл-Фараби – психология жөніндегі көптеген еңбектердің («Ақыл-ой туралы», «Жан туралы», «Темперамент туралы», «Түс көру туралы сөз», «Жанның мәні туралы», «Ақылой және ұғым», «Жасөспірімнің ақыл-ойы туралы кітап», «Ересектердің ақыл-ойы туралы кітап» тағы басқалар) авторы, бұл ойлары адамның отбасында, қоғамда дұрыс өмір сүруінің шарты ретінде қарастырылды. Ол айтқан психологиялық терминдер: дағды, әрекет, қимыл, әдет, мінез-құлық, қабілет, икем, индивид, бақыт, жан, іс-әрекет, стимул, қуаныш, ниет, ерік-жігер, түйсік, сезім, ойлау, қиял, түс көру. Фарабидің тұжырымдауынша, психика – айрықша сапаға ие. Материалдық элементтердің қосылысынан (ыстық, суық, дымқыл, құрғақ) жануарлар психикасы көрінеді. Осы элементтердің ең жоғары қосындысынан адам психикасы пайда болған. Жан туралы ілімі. Адам жаны – дүниенің теңдесі жоқ туындысы деген әл-Фарабидің адамның әртүрлі дара өзгешеліктері туралы айтқан ой-тұжырымдары: жеке ерекшеліктер адамның дербес өмір сүру тәжірибесінен, оның дене бітімінен, өзіндік белсенділігінен туындайды, адам психикасы, негізінен, отбасында, өмір барысында, оқу-тәрбие үдерісінде қалыптасады деген пікірде болған.
Шәркүл ТАУБАЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры