24 желтоқсанда даңқты қазақ батыры, жауынгер, əскери қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толды
Осыған орай, қазақтың біртуар тұлғасының халықты ынтымаққа, əділдікке, тəртіпке шақырған қанатты сөздерінің топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.
Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі, Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі.
Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін!
Елсіз ер болмайды, жұртсыз жігіт болмайды.
Ана үшін аянба – ант ұрады.
Бала үшін аянба – бетің күйеді.
Ел үшін аянба – ерлігіңе сын,
Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын.
Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет.
Сабырлық алдында дұшпан сасады,
Сабырсыздан береке қашады.
Сын – ерді шыңдайды,
Қорқақты қинайды.
Ежелден ел тілегі – ер тілегі,
Адал ұл ер боп туса – ел тірегі.
Көп тұрған су сасиды,
Ойламаған ми сасиды.
Арпалысып жүріп алған абырой – өмірдің ең шырын рақаты.
Батылдық – есеппен қимылдауды тәуекелмен ұштастыру. Тәуекел есеппен ақталады.
Әділдікке құл болып,
Кең толғанып, көп ойлап,
Ақылыңмен билік ет,
Түсініп, сезін тармағын.